Өз ұлтын сүйетін, ұлтының болашағы үшін өткен тарихтан сабақ алар тұстар көп екенін білетін ұрпақ өз тарихын қалыптастырған өр тұлғаларды ешқашан ұмытпас. Жаппай жала жабылып, кәмпескелеп, ұжымдастыру сияқты ұлтымызға қарсы бағытталған алапат апатты  жылдары туған даласының топырағынан тірідей айырылып, жер бетіне тарыдай шашырап, тоз-тоз болып кеткен сан мыңдаған қазақтар қаншама.

 

Осы орайда «Шұғыла» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының «Руханият» үйірмесінің жетекшісі Туленов Сақанның ұйымдастыруымен оқушылары арасында «Амангелді ауданынан саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар»  тақырыбында дөңгелек стол өтті. 

 

Амангелді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Дауылбай Есім, А.Иманов атындағы меморалдық мұражайдың ғылыми қызметкері Жалғас Досбергенов  қатысты. Оқушыларға саяси қуғын-сүргінге жазықсыз ұшыраған жерлестеріміз жайында толық мағлұмат беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Оқушылар көкейде жүрген сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.  Бұл ұлтымыздың тарихы. Әрбір қазақтың баласы осы қайғы-қасіретті ұмытпауы парыз.