«Триумф» жеңімпаздары
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі және 1 желтоқсан -Тұңғыш Президент күні қарсаңында Қостанай қаласының Жастар сарайында облыстық «Триумф» жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Өңірдің ең үздік өрендерін қолдау мақсатында ұйымдастырылған аталмыш іс -шара 2011 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Биылғы марапатталғандар қатарында облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі зияткерлік, шығармашылық, өнер және спорттық сайыстарының жеңімпаздары бар. Шара барысында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Есімова Бақыт Амангелдіқызы шара қатысушыларын құттықтай отыра, олардың болашағына сәттілік тіледі.
«Егемендік алған жылдардан бері мемлекет тарапынан мектептердегі дарынды балалардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін шыңдауларына да ерекше көңіл бөліп келеді. Қостанай жерінде де түрлі салада жетістікке жетіп жүрген жастар жетерлік . Сол себепті де біз бүгін облысымыздың көркейіп, нығаюына үлес қосқан, жыл бойы түрлі додаларда көзге түскен дарынды жастарды жинап отырмыз», - деді өзінің құттықтау сөзінде Бақыт Амангелдіқызы.
Марапаттау рәсімінде Амангелді ауданы білім бөлімінің Тасты жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Қабдрашова Марал Бақытжанқызы мен жетекшісі, аталған мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жаукин Сәбитбек Мейрамханұлы , Ы.Алтынсарин мектебінің оқушысы, «Шұғыла» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының «Сиқырлы қалам» үйірмесінің мүшесі Тұрсынова Көркем Мейрамқызы және жетекшісі, «Шұғыла» шығармашылық орталығының қосымша білім беру педагогі Мейрамбек Нұрсұлу Мейрамбекқызы үздіктер қатарынан көрінді. Дарынды оқушылар мен жетекшілер бұл жетістікке облыс, республика, халықаралық деңгейде өткен байқаулардағы зор табыстары арқылы жетіп отыр.
Салтанатты рәсімде дарынды және талантты балаларды қолдауға және ілгерілетуге қосқан зор үлесі үшін ұстаздарға облыс әкімі Архимед Бегежанұлы атынан Алғыс хаттар, ғылым, шығармашылық және спорттың әр саласында жетістікке жеткен оқушыларға «Триумф» мүсіншелері мен бағалы сыйлықтар табыс етті.









